Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатында Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмыстарын жалғастырып келеді. Қайтарылған қаражат халық үшін маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге жұмсалуда. Атап айтқанда, бұл қаражат есебінен сумен жабдықтау жүйелері жаңғыртылып, мектептер, балабақшалар, медициналық және спорт нысандары, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы салынып жатыр, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.
Қазіргі таңда Қазақстанға негізінен ақшалай түрде 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылды. Қаражат инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарға қажеттілігі жоғары өңірлердегі нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.
Қайтарылған активтерді бөлу Арнаулы мемлекеттік қор арқылы жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде елдің барлық өңірінде жалпы құны 617,7 млрд теңгеден асатын 500-ден астам жобаны қаржыландыру мақұлданды.
Сумен жабдықтау: ауылдар мен қалаларды ауыз сумен қамту
Мемлекет басшысының халықты 100% ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қордан еліміздің барлық өңіріндегі 267 жобаға 226,5 млрд теңге бөлінді.
Ақмола облысында 2025 жылы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 23 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Нәтижесінде жүзеге асырылған 32 жоба бірқатар ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Садовое ауылының тұрғыны Сұлушаш Байгулинаның айтуынша, өткен жылы елді мекенге су құбыры тартылып, үйлерге су кіргізілген. Қазір тұрғындар тұрақты түрде сумен қамтылған.
Солтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 14,9 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Жобалардың нәтижесінде Айыртау, Есіл, Мамлют, Тайынша және Шал ақын аудандарындағы 30-дан астам ауылдың тұрғындары тұрақты ауыз суға қол жеткізді.
Абай облысында шамамен 20 мың ауыл тұрғынын қамтыған 15 жоба іске асырылды.
Алматыда қор қаражатына Қайрат, Ақжар, Ақбұлақ, Боралдай және Қарағайлы шағын аудандарында су құбыры мен кәріз желілері жүргізілді.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту
Қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылым да жаңартылып жатыр. Заманауи медициналық нысандар еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде ауылдық жерлерде де бой көтеруде. Үкімет жалпы құны 176,8 млрд теңге болатын 191 жобаны қаржыландыруды мақұлдады.
Бұл жобалар ауылдардағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарынан бастап, жоғары технологиялық медициналық кешендерге дейінгі объектілердің құрылысын қамтиды.
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 200 орындық көпбейінді аурухананың, Ақтауда жедел медициналық жәрдем стансасының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 145 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны пайдалануға берілді.
Қарағанды облысында жалпы құны 6,9 млрд теңге болатын 51 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы мен реконструкциясы аяқталды. Қостанай облысында Перелески ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Жітіқара қаласындағы емхана іске қосылды. Арқалықтағы облыстық аурухананы реконструкциялау жалғасып жатса, Шығыс Қазақстан облысында Гематология орталығы салынуда.
Қарағанды облысының Осакаров ауданында Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражатқа төрт медициналық пункт пен бір дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Жаңа нысандардың арқасында ауылдағы 3,5 мыңнан астам тұрғын алғашқы медициналық көмекпен қамтылды. Амбулаторияда тексеру жұмыстарымен қатар зертханалық қызметтер мен физиотерапиялық процедуралар көрсетіледі. Алдағы уақытта күндізгі стационарлар ашу жоспарланып отыр.
Балқаш қаласында медициналық инфрақұрылымды дамытуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Көпбейінді аудандық аурухананың жанынан хирургиялық-ангиографиялық корпус салынып, балаларды оңалту орталығы ашылды.
Жаңа медициналық мүмкіндіктер жедел қан тамырлары аурулары кезінде «алтын уақыт» қағидатын сақтауға жол ашты. Бұған дейін инфаркт алған науқастарды ауа райына қарамастан Қарағандыға, яғни шамамен 400 шақырым қашықтыққа жеткізу қажет болатын. Қазір пациенттер жедел жәрдем арқылы бірден бейінді бөлімшеге жеткізіліп, қажетті медициналық араласу 30 минуттан бір сағатқа дейінгі аралықта жүргізіледі.
Нысан іске қосылғалы бері 138 медициналық манипуляция, оның ішінде коронарография мен церебралды ангиография жасалды. 12 пациентке стенттеу жүргізілді.
Өңірлердегі медициналық инфрақұрылымның жаңаруы дәрігерлер үшін де жаңа кәсіби мүмкіндіктер қалыптастыруда. Заманауи құрал-жабдықтар мен операция түрлерінің кеңеюі жас мамандардың жергілікті жерлерде тәжірибе жинақтап, кәсіби дамуына мүмкіндік береді.
Өткен жылы медициналық жоғары оқу орындарын тәмамдаған 10,5 мың түлектің 3,5 мыңы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден екі есе жоғары.
Көлік қатынасы және өңірлік авиация
Қайтарылған активтерді пайдаланудың тағы бір маңызды бағыты – көлік инфрақұрылымын дамыту. Осы мақсатта Арнаулы мемлекеттік қордан сегіз жобаға 43 млрд теңге бөлінді.
Сол жобалардың бірі – Балқаш әуежайын жаңғырту. Оған 946 млн теңге бағытталды. Жұмыс барысында ғимараттың 1967 жылғы тарихи архитектуралық келбеті сақталып, аэровокзал кешені толық жаңартылды.
Терминал кеңейтіліп, заманауи тексеру кешендері мен жүк таспасы орнатылды. Ана мен бала бөлмесі жабдықталып, қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін кедергісіз орта жасалды. Әуежайдың өткізу мүмкіндігі сағатына 60 жолаушыдан 80 жолаушыға дейін артты.
2026 жылғы 1 маусымнан бастап Балқаштан Астана мен Алматыға аптасына бес рет тұрақты әуе рейстері орындалады.
Арқалық қаласының әуежайында да қайтарылған активтер есебінен құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда екі қабатты аэровокзал кешені салынды, ұзындығы 2,5 шақырым болатын ұшу-қону жолағы жөнделіп, қажетті техника сатып алынды.
Әуежай сертификаттық тексеруден өтіп, авиациялық қауіпсіздік сертификатын алды. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін Арқалықтан Қостанай, Астана және Алматы бағыттарына тұрақты рейстер ашу көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта Азаматтық авиация комитеті осы бағыттар бойынша рейстерді орындайтын әуе компаниясын анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізуде. Билет бағасы Астана мен Қостанайға – 10 мың теңге, Алматыға – 25 мың теңге көлемінде бекітілді.
Әуежайда 136 штаттық орын қарастырылған, оның 119-ы қазірдің өзінде қамтылған. Қызметкерлердің 95%-ы жергілікті тұрғындар.
Арқалық үшін әуе қатынасының ашылуы маңызды. Қазіргі таңда қала мен Қостанай арасындағы жол автокөлікпен шамамен бес сағатқа созылса, ұшақпен бұл қашықтықты 40 минутта жүріп өтуге болады.
Спорт инфрақұрылымына 67,5 млрд теңге бөлінді
Арнаулы мемлекеттік қордан спорт инфрақұрылымын дамытуға арналған алты жобаны қаржыландыру мақұлданды. Бұл бағытқа қайтарылған активтер есебінен 67,5 млрд теңге бөлінді.
Сол жобалардың бірі – Көкшетауда салынған көпфункционалды спорт кешені. Нысан жаттығу жұмыстарын өткізуге, сондай-ақ өңірлік және республикалық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға арналған.
Кешенде жекпе-жек және ойын спорттарына арналған әмбебап залдар, заманауи тренажерлер мен спортшыларға және қала тұрғындарына қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
Сонымен бірге Ақмола облысының Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Астанада Қ.Мұнайтпасов атындағы стадион реконструкциядан кейін қайта ашылды. Елорданың «Қазақстан» спорт сарайын жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Білім беру, энергетика және өнеркәсіптік инфрақұрылым
Қайтарылған активтер білім беру нысандарын дамытуға да бағытталуда. Бұл салада жалпы құны 64,4 млрд теңге болатын 17 жобаны қаржыландыру мақұлданды.
Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында жаңа мектеп пен 280 орындық балабақша ашылды. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді.
Абай және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Жамбыл және Қостанай облыстарында жаңа білім беру нысандары пайда болды.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты үшін де жеке жоба жүзеге асырылды. Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатына жалпы аумағы 6600 шаршы метр ғимарат қайта жаңғыртылды.
Ғимаратта дүниетану және информатизация факультеттерінің студенттері, сондай-ақ педагогикалық және жаңа білім беру бағыттары бойынша білім алушылар орналасады. Бұл нысан жоғары оқу орнының маман даярлау мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Институтта ақпараттық технологиялар, журналистика және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша жаңа магистрлік бағдарламаларды ашу жоспарланған. Сонымен бірге мұнда жасанды интеллект зертханасы мен салалық орталықтар жұмыс істейді.
Білім басқармаларымен бірлескен жобалар, клиникалық мектеп, инклюзивті білім беру және педагогикалық зерттеулер бағыттарын дамыту, сондай-ақ халықаралық бағдарламаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту аясында қайтарылған қаражат жаңа өндірістік нысандар үшін қажетті энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды құруға жұмсалуда.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңа зауыттарды инженерлік желілермен қамтамасыз ету үшін кірме автожолдар, жылумен жабдықтау және телефондандыру жүйелері, сондай-ақ магистральдық суағар кәрізі салынуда.
Жамбыл, Қарағанды және Абай облыстарында елді мекендер мен өнеркәсіптік нысандардың энергиямен қамтылу тұрақтылығын арттыруға бағытталған жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында қазандықтар, газ құбырлары мен электр беру желілерін салу және жаңғырту жұмыстары бар.
Үкімет пен Бас прокуратураның активтерді қайтару бағытындағы бірлескен жұмысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде Қазақстанға медициналық және білім беру нысандарын, су жүйелерін, әуежайларды, инженерлік желілер мен спорт кешендерін салуға және жаңғыртуға бағытталатын 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылды.
Қайтарылған қаражатты осындай жобаларға бағыттау халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлердің инфрақұрылымдық дамуына тікелей ықпал етеді.