Канаданың Альберта провинциясындағы Уэйнрайт әскери базасында жарылыс пен өрт болып, кемінде жеті адам қаза тапты, ондаған адам жарақат алды. Бұл туралы Global News басылымына сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.
Басылымның мәліметінше, оқиға жауынгерлік атыс жаттығулары кезінде болған. Алдын ала болжам бойынша, снаряд немесе оқ газ құбырына не газ ұңғымасына тиіп, жарылысқа себеп болуы мүмкін.
Жарылыстан кейін тұтанған өрт қатты желдің әсерінен оқу-жаттығу аймағынан тыс жерлерге тез таралған. Оқиға орнына әскери және азаматтық төтенше жағдайлар қызметтері келіп, өртті ауыздықтау жұмыстарын жүргізген.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, әскери қызметшілер жараланғандарды көлікпен базаға жеткізіп, кейін басқа зардап шеккендерге көмектесу үшін қайта оралған.
Канаданың әскери ведомствосы қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін растады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен келтірілген залалдың ауқымы анықталып жатыр.