Канье Уэстің Алматыдағы концерті 15 тамыз күні сағат 21:00-де Орталық стадионда өтеді. Бұл туралы ұйымдастырушылар хабарлады, дейді Qandastar.kz сайты.
Көрермендерді стадион аумағына кіргізу сағат 16:00-де басталады. Бұл уақыт бұған дейін 14 тамызға жоспарланған концерттің кіру кестесімен бірдей.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 14 тамыздағы концертке сатып алынған барлық билеттер жарамды болып қала береді. Көрермендер сол билеттермен 15 тамыздағы концертке еш кедергісіз кіре алады.
Стадионға кіру билеттегі QR-кодты сканерлеу арқылы жүзеге асырылады. Тексеруден өткеннен кейін бұрын берілген білезіктер жаңасына ауыстырылып, олар 15 тамыздағы концертке кіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта концерт өтетін алаң толық дайындалып, барлық қажетті қызметтердің жұмысы ұйымдастырылған.
Ұйымдастырушылар көрермендерге жол қозғалысындағы кептелісті ескеріп, стадионға ертерек келуге кеңес берді. Сондай-ақ әрбір адам билетінде көрсетілген сектор арқылы кіріп, кіреберіс сызбасымен алдын ала танысуы қажет екені айтылды.
Концертке қатысты барлық өзекті ақпарат First Media Group пен Freedom Афишаның ресми арналары арқылы жарияланып отырады.