Қарағандыда 94 жастағы кейуананың үйіне әлеуметтік қызметкер болып келген екі әйел 1 миллион теңгені жымқырды деген күдікпен қолға түсті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Polisia.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайтының хабарлауынша, күдіктілер жедел-іздестіру шаралары мен бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында анықталған.
Оқиға маусым айының соңында болған. 94 жастағы қала тұрғыны полицияға берген арызында үйіне өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған екі әйелдің келгенін айтқан. Олар ескі үлгідегі банкноттарды жаңасына ауыстыру қажет екенін айтып, зейнеткерден үйде сақталған ақшасының қайда тұрғанын сұраған. Сенімге кірген әйелдердің сөзіне күмәнданбаған кейуана қаражатының орнын көрсеткен. Арада көп уақыт өтпей күдіктілер үйден шығып кеткеннен кейін зейнеткер 1 миллион теңгесінің жоғалғанын байқап, полицияға жүгінген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілердің жүрген бағытын бейнебақылау камералары арқылы анықтап, олардың жеке басын анықтады. Кейін екі әйел ұсталды.
Белгілі болғандай, күдіктілер Алматы қаласының тұрғындары. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер олардың Қарағанды облысында және еліміздің өзге өңірлерінде жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
[embed]https://youtu.be/4kOjjp1u2g8?si=UU6mZO-ddsjhOM4i[/embed]
Полиция азаматтарды, әсіресе егде жастағы туыстарын алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері туралы алдын ала ескертіп отыруға шақырды. Сондай-ақ өзін әлеуметтік қызметкер, коммуналдық мекеме немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырған бейтаныс адамдарды үйге кіргізбеуге және ақша мен бағалы заттардың сақталған орнын ешкімге көрсетпеуге кеңес берді.