Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Іс материалдарына сәйкес, қатысушыларға құны 49 мыңнан 120 мың долларға дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу ұсынылған. Ақша USDT криптовалютасымен енгізілген. Ұйымдастырушылар күн сайын табыс түсетінін және жаңа адамдарды тартқаны үшін қосымша бонус берілетінін айтқан.
Алайда виртуалды дүкендерде көрсетілген тауарлар шын мәнінде болмаған. Жүйедегі төлемдер жаңа қатысушылардың ақша салуына тәуелді болған.
Салымшылардың қаражаты OKX платформасы арқылы электронды әмияндарға аударылып отырған.
Жедел іс-шаралар барысында жалпы сомасы 474 мың USDT, яғни шамамен 212 млн теңге болатын криптоактив бұғатталды.
Сот ұйымдастырушы С.Ш. Қайырбаевты екі жылға бас бостандығын шектеуге үкім етті. Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленеді.
Сот шешімімен бұғатталған криптоактивтер де мемлекет кірісіне тәркіленді.