Мазмұнға өту
qandastar.

Қарағандыда жетім балаларды азаптады деп айыпталған отбасы сотталды

Бақытжан Мұса · · 79 қаралым
Қарағандыда жетім балаларды азаптады деп айыпталған отбасы сотталды

Қарағанды облысында асырап алған алты жетім баланы ұзақ уақыт бойы қорлап, қатыгездік көрсеткен деп айыпталған отбасыға қатысты сот үкімі жарияланды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлады.

Сот материалдарына сәйкес, ауыл мектебінің директоры, оның жұбайы және туған қызы балаларды азаптау, олардың денсаулығына ауыр зиян келтіру және ірі көлемде алаяқтық жасау фактілері бойынша кінәлі деп танылды. Жәбірленушілердің туған жылдары – 2008, 2009, 2011 және 2014 жылдар.

Тергеу мәліметінше, ерлі-зайыптылар 2018 жылы алты жетім баланы қамқорлыққа алған. Алайда олардың отбасыдағы ауыр жағдайы бірнеше жылдан кейін ғана белгілі болған. Іс балалардың әжесі бұрын балалар үйіне тапсырылған немерелерін іздей бастағаннан кейін ашылған.

Сараптама қорытындысы бойынша балалардың денесінен көсеу, оқтау және қыздырылған заттардан қалған көптеген тыртықтар табылған. Бір баланың бас сүйегі ауыр жарақат алып, кейін оған арнайы пластина орнатылған. Нәтижесінде ол мүгедектік алған.

Тергеу барысында балалардың жиі аш жүргені, ауыр үй шаруасына және мал бағуға мәжбүр болғаны анықталды. Тәртіп бұзған жағдайда олар қатыгез жазаға ұшыраған. Сонымен қатар сот барысында отбасының кәмелетке толмаған қызының да балаларды үнемі ұрып-соғып, психологиялық қысым көрсеткені белгілі болды.

Сотта мектеп директорының мемлекеттен балаларға бөлінген жәрдемақы қаражатын букмекерлік бәс тігуге жұмсағаны да айтылды.

Сот шешімімен отағасы 12 жылға, жұбайы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал балаларды өзін «ханшайым» деп атауға мәжбүрлеген қызы 4 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Анасы мен қызы сот залында қамауға алынды.

Сондай-ақ сотталғандар жәбірленуші алты баланың әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы төлеуге және мемлекеттен қамқорлық үшін алған 6 миллион теңгені қайтаруға міндеттелді.

Судья Қарағанды облысының прокурорына өңірдегі барлық патронат отбасылардың жағдайын тексеру жөнінде жеке қаулы шығарды.

Айыпталушылар сот үкімімен келіспейтіндерін мәлімдеп, апелляциялық шағым беруге ниетті екенін айтты. Қазіргі уақытта балалар әжесінің қарауына берілген. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу: Telegram WhatsApp