Қарағанды облысындағы "Топар басты тарату электр станциясы" ЖШС экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін 8 миллион теңгеден астам айыппұл арқалады. Бұл туралы облыстық Экология департаменті хабарлады, дейді Qandastar.kz.
Жоспарлы тексеру барысында кәсіпорында қоршаған ортаны қорғау талаптарының бірнеше рет бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, ағынды су құрамындағы мұнай өнімдерінің мөлшері рұқсат етілген нормадан үш еседен астам асып кеткен. Норматив бойынша бұл көрсеткіш 0,054 мг/дм³ болуы тиіс болса, тексеру кезінде 0,169 мг/дм³ болған.
Бұдан бөлек, өндірістік қалдықтарды сақтау мен жинақтау ережелерінің сақталмағаны белгілі болды. Инспекторлар пайдаланылған майлардың герметикалық емес ыдыстарда сақталғанын, майдың төгілгенін, әртүрлі қалдықтардың араластырылып жиналғанын және олардың арнайы белгіленбеген орындарға орналастырылғанын анықтады.
Тексеру нәтижесінде кәсіпорынға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жалпы сомасы 8 021 492 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.