Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде 2025 жылғы 1-шақырылым сарбаздарына арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.
Іс-шараға әскери бөлім басшылығы, ардагерлер, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Жиынның басты мақсаты – әскери қызметті абыроймен аяқтаған жас сарбаздардың еңбегін бағалап, оларға құрмет көрсету болды.
Салтанатты жиында бөлім командирі сөз сөйлеп, сарбаздардың қызмет барысында тәртіп пен жауапкершілік танытып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ үздік нәтиже көрсеткен жауынгерлерге алғыс білдірді.
Шара барысында бірқатар сарбаздарға мемлекеттік білім беру гранттары табысталды. Бұл олардың жоғары оқу орындарында тегін білім алып, болашақ мамандық игеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ағылшын тілі курстарын аяқтаған әскери қызметшілерге арнайы сертификаттар берілді.
Белсенділігімен көзге түскен сарбаздар марапатталып, оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, әскери-патриоттық әндер орындалды.
Ұлттық ұлан қатарындағы әскери қызмет жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке баулитыны атап өтілді. Қызметін аяқтаған сарбаздар алған тәжірибелерін болашақта ел игілігі үшін қолдануға ниетті екенін жеткізді.