Қазақстанда газ өңдеу саласындағы ірі жобалардың бірі жүзеге асырылмақ.
Бұл мәселе «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен Hyundai Engineering президенті әрі бас директоры Чжу У-Чжонның кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Кездесу барысында тараптар мұнай-газ химиясы саласындағы бірлескен жобалар мен алдағы ынтымақтастық бағыттарын қарастырды.
Негізгі назар Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобасына аударылды. Жобаны QazaqGaz жүзеге асырып жатыр. Кәсіпорын жылына 5 млрд текше метрге дейін газ өңдеуге қауқарлы болады.
Ал Hyundai Engineering бұл жобаға EPC мердігері ретінде қатысады, яғни компания жобалау, қажетті жабдықтарды жеткізу және құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру бағыттарына жауап береді.
Нұрлан Жақыпов жобаның Қазақстанның газ саласын дамытудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту үшін маңызды.
Айта кетейік, Hyundai Engineering — инженерлік жобалау және құрылыс саласында жұмыс істейтін компания. Ол әлемдегі ірі құрылыс компанияларының бірі Hyundai Engineering & Construction құрамына кіреді.