Пара алғаны үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев түрмеде жазасын әрі қарай өтейді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Сот оны денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күшін жойды.
Бұған дейін Алатау қаласының соты экс-әкімді ауыр науқастануына байланысты жазасын өтеуден босату туралы қаулы шығарған. Алайда Алматы облыстық соты апелляциялық шағымды қарап, бұл шешімнің заң талаптарына қайшы екенін анықтады.
Сот мәліметінше, Көкірекбаевтың денсаулық жағдайы жазасын өтеуден босатуға мүмкіндік беретін аурулар тізіміне сәйкес келмейді. Осыған байланысты бірінші сатыдағы соттың қаулысы жойылып, оны бостандыққа шығару туралы ұсыныс қанағаттандырылмады.
Бұдан бөлек, істі қарау кезінде негізсіз қорытынды жасаған лауазымды тұлғалардың әрекетіне де назар аударылды. Сот прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты тексеру жүргізу үшін прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жеке қаулы жолдады.
Ал экс-әкімді жазасын өтеуден босатуға негіз бар деген медициналық қорытынды жасаған арнайы комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырылды.
Айта кетейік, бүгін Кәрім Көкірекбаевтың денсаулығына байланысты түрмеден босатылуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын. Алайда апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойды.
Кәрім Көкірекбаев 2022 жылдың желтоқсанында 800 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған. 2025 жылы оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.