Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев түрмеден мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Алайда прокуратура соттың бұл шешімімен келіспей, оны қайта қарауды талап етті.
Бұған дейін сот сотталған азаматтың ауыр сырқатына байланысты жазасының өтелмеген бөлігін өтеуден босату туралы шешім қабылдаған. Енді прокуратура осы қаулының күшін жоюды сұрап, жоғары тұрған сотқа өтініш жолдады.
Еске салайық, Кәрім Көкірекбаев 2025 жылы аса ірі көлемде пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Тергеу мәліметінше, ол «Қазселденқорғау» мекемесін басқарған кезеңде іс жүзінде орындалмаған құрылыс жұмыстарының құжаттарына қол қою үшін пара алған. Бұл іске байланысты мемлекетке келтірілген шығын көлемі шамамен 2 млрд теңге деп бағаланған.
Енді экс-әкімнің бостандыққа шығуы немесе жазасын әрі қарай өтеуі соттың келесі шешіміне байланысты.