Kaspi.kz Алматыда өткен таныстырылымда компанияның жаңа кезеңдегі инновациясын — Kasper атты жасанды интеллектке негізделген жеке көмекшісін ұсынды. Шара барысында компания басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе пайдаланушылардың қажетті тауарды таңдауда жиі қиындыққа тап болатынын атап өтті. Бұл туралы Qandastar.kz порталы хабарлады.
Жаңа AI-көмекші Kaspi Магазин платформасындағы миллиондаған тауардың ішінен ең қолайлы нұсқаны таңдауға көмектеседі. Kasper қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді, мәтіндік және дауыстық сұраныстарды өңдейді, нақтылау сұрақтарын қояды, техникалық сипаттамаларды қарапайым тілмен түсіндіреді және түрлі өнімдерді салыстырып, пайдаланушыға сәйкес келетін шешімді ұсынады.
Таныстырылым 1 шілде күні Алматыда “Қалыптан шығу уақыты келді!” ұранымен өтті. Іс-шараның мазмұны соңғы сәтке дейін құпия сақталып, қонақтарға тек виртуалды көмекшіге қатысты визуалды элементтер көрсетілген.
Михаил Ломтадзенің айтуынша, қазіргі негізгі мәселе тауар тапшылығында емес, керісінше, үлкен ассортимент ішінен дұрыс таңдау жасау қиындығында. Kaspi Магазинде бүгінде 20 миллионнан астам тауар бар, сондықтан пайдаланушыға түсінікті әрі тиімді көмекші қажет.
Компания өкілдері Kasper сервисі кезең-кезеңімен іске қосылатынын хабарлады. Алдымен ол Алматы тұрғындарына қолжетімді болады, кейін Қазақстанның басқа өңірлеріне таратылады. Алдағы уақытта AI-көмекші тек тауар таңдаумен шектелмей, күнделікті өмірдегі түрлі міндеттерді шешуге көмектесетін әмбебап цифрлық ассистентке айналуы жоспарланып отыр.