Маңғыстау облысында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 24 қыркүйекте Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен.
Алдын ала ақпарат бойынша, 19 әскери қызметші теңізге кеткен. Оның 9-ы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрінің басшылығымен арнайы комиссия оқиға орнына аттанды.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Ведомство іздестіру жұмыстарының барысы және әскери қызметшілердің жағдайы туралы ақпарат қосымша хабарланатынын айтты. Азаматтардан тек ресми дереккөздерге сүйену сұралды.
Қорғаныс министрлігінің ресми ресурстарында Каспийдегі Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы оқу-жаттығулары бұған дейін де жарияланған.