Бакуден Ақтауға дейін Каспий түбімен талшықты-оптикалық кабель тарту жұмыстары басталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Әзербайжан астанасы Бакуден шыққан арнайы кабель төсеуші кеме Каспий теңізінің түбі арқылы Ақтау бағытына байланыс желісін орнатуға кірісті. Ауа райы қолайлы болған жағдайда жұмыстар шамамен 15-20 күн ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін Қытайдан жеткізілген кабель Құрық портына әкелініп, кейін Бакуге жөнелтілген. Онда Қазақстан мен Әзербайжанға тиесілі кабель бөліктері біріктіріліп, қажетті сынақтардан өткізілді.
Жұмысты салмағы 20 мың тоннадан асатын арнайы кеме атқаруда. Кеме бортында 70 маман бар, олардың қатарында техникалық қызметкерлер мен «Қазақтелеком» өкілі де жұмыс істеп жатыр.
Жоба басталар алдында мамандар теңіз түбін зерттеп, кабель тартылатын қауіпсіз бағытты анықтаған. Маршрут зәкір түсірілетін аумақтар мен әскери жаттығу орындарын айналып өтеді. Сонымен қатар экологиялық талаптарға сәйкес рұқсат алынған.
Транскаспийлік байланыс желісін CaspiLink B.V. компаниясы жүзеге асырып жатыр. Аталған компанияны «Қазақтелеком» мен әзербайжандық Azertelecom Int бірлесіп құрған.
Жаңа желіні 2026 жылдың соңына дейін толық іске қосу жоспарлануда. Жоба Қазақстан, Әзербайжан және Еуропа арасындағы интернет байланысының өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.