Каспий теңізінде әскери қызметшілерді іздестіру-құтқару операциясы тәулік бойы жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жұмысқа жүздеген әскери қызметші мен құтқарушы, ондаған техника, кеме және әуе кемесі тартылған.
Үкіметтік комиссияның тапсырмасына сәйкес, Каспий акваториясында жүргізіліп жатқан операцияға 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер және 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылған. Оның ішінде төрт тікұшақ бар.
Іздестіру жұмыстарына оқиға орнында Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жетекшілік етіп отыр. Жедел штаб құрамына Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірген.
Қазір мамандар теңіздегі акваторияны, жағалау сызығын және оған іргелес аумақтарды тексеріп жатыр. Әуе кемелерімен су айдыны тұрақты түрде бақылануда. Сүңгуірлер де іздестіру жұмыстарына қатысуда.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Арнайы комиссия әскери қызметшілердің қаза болуына әкелген жағдайлардың барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккендерге материалдық әрі психологиялық көмек көрсетілетіні хабарланды.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Құтқару операциясының нәтижесінде үш адам аман-есен құтқарылды. 12 әскери қызметші қаза тапты. Қазіргі уақытта тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр.