Мазмұнға өту
qandastar.

Каспийдегі қайғылы оқиға: бес әскери басшы ұсталды

Малика Хамит · · 14 қаралым
Каспийдегі қайғылы оқиға: бес әскери басшы ұсталды

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты бес лауазымды тұлға ұсталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олар қызметке салғырт қарады және корабль жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікке ілінген. Бұл әрекеттер ауыр зардаптарға әкеп соққан.

Ұсталғандардың арасында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар.

Бесеуі де күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі жүргізіп жатыр.

Тергеу мәліметінше, 24 қыркүйекте Ақтаудан 43 шақырым жерде «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде «Қайсар» катерінен әскери қызметшілерді түсіру барысында ауа райы қолайсыз болған. Осы кезде сарбаздарды теңіз ағысы алып кеткен.

Тергеушілер оқу-жауынгерлік тапсырманың қалай ұйымдастырылғанын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілген-ескерілмегенін және катердің техникалық жай-күйін тексеріп жатыр.

Сонымен қатар оқу-жаттығуды өткізуге және әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.

Қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары жалғасып жатыр. Істің барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Бөлісу: Telegram WhatsApp