Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Комиссия Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің өкімімен жасақталды. Оған Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор мен шекара қызметінің өкілдері кірді.
Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Олжас Бектенов оған оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін жан-жақты анықтауды тапсырды.
Сонымен қатар комиссия қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету мәселесін де бақылауға алуы тиіс.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 19 әскери қызметшіні теңіз алып кеткен. Олардың 9-ы қаза тапқаны хабарланды.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылды.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына әскери бөлімдермен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылған.
Үкіметтік комиссия оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап, қаза болған әскери қызметшілердің жақындарына қолдау көрсету шараларын үйлестіреді.