Қазақстанда сирек кездесетін жануарларды сақтап, олардың санын көбейту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Соның ішінде киік популяциясы айтарлықтай өссе, қар барысын қорғау шаралары да нәтиже бере бастаған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Киік саны 2003 жылдан бері 200 еседен астам өскен
Президенттің айтуынша, 2003 жылы Қазақстанда небәрі 21 мың киік болған. Ал биыл көктемге қарай олардың саны 4,7 миллионға жеткен. Қазір әлемдегі киіктердің шамамен 98 пайызы қазақ даласын мекендейді.
Мемлекет басшысы киіктің дала экожүйесіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
Қар барысының саны да артып келеді
Бір кездері жойылып кету қаупіне ұшыраған қар барысын сақтау бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Президенттің дерегінше, қазір Қазақстандағы ілбіс саны шамамен 190-ға жеткен. Оның тіршілік ететін ортасының 70 пайызға жуығы қорғалатын аумақтарға кіреді.
Бұл нәтижеге табиғатты қорғау шаралары мен ғылыми мониторингтің арқасында қол жеткізілген.
Жолбарыс 70 жылдан кейін табиғатқа жіберілді
Қазақстанда Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биыл шілдеде жетпіс жыл ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілген. Жобаға Ресей, БҰҰ Даму бағдарламасы, Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры және басқа да халықаралық серіктестер қолдау көрсеткен.
Сонымен қатар Қазақстанға Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру жұмыстары қолға алынған. Бұл бағытта Чехия, Германия және Мажарстан мамандарымен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.
Каспий итбалығының жағдайы алаңдатады
Президент сирек кездесетін жануарларды қорғаумен қатар, Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға да ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
Оның мәліметінше, соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда бұл жануар жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына енгізілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий маңындағы бес мемлекетті табиғи байлықты қорғау үшін күш біріктіруге шақырды. Сондай-ақ теңіздің Аралдың тағдырын қайталамауы үшін шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.