Мазмұнға өту
qandastar.

Каспийдегі қайғылы оқиға: Бас прокуратура тергеу аяқталуға жақын екенін мәлімдеді

Малика Хамит
Каспийдегі қайғылы оқиға: Бас прокуратура тергеу аяқталуға жақын екенін мәлімдеді

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Қылмыстық істің барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынған.

Бас прокуратураның мәліметінше, тергеуді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатыр. Қайғылы оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін ауқымды тергеу шаралары қолға алынған.

Осы уақытқа дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу тағайындалып, жүргізілген.

Тергеу аясында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға қамауға алынған. Олардың қатарында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның екі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.

Қазір тергеу амалдарын аяқтау және қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр.

Алдын ала тергеу деректерін жариялауға заң бойынша шектеу қойылған. Сондықтан істің өзге мән-жайлары әзірге айтылмайды.

Бас прокуратура тергеудің объективті әрі жан-жақты жүргізілуін ерекше бақылауда ұстап отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp