Мазмұнға өту
qandastar.

Каспийдегі трагедия: Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қамауға алынды

Малика Хамит 28 қаралым
Каспийдегі трагедия: Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қамауға алынды

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Іс аясында Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Оған қызметтік міндеттерін орындау кезінде салғырттық танытып, соның салдарынан ауыр зардаптарға жол берді деген күдік тағылған.

Соттың санкциясымен бұрынғы бас қолбасшы қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеті мен қабылдаған шешімдері анықталып жатыр.

Тергеу мәліметіне сәйкес, қылмыстық іс Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қозғалған. Бұған дейін іс бойынша бірнеше әскери лауазымды тұлға ұсталғаны хабарланған еді. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары әрі штаб бастығы, әскери бөлім командирлері және теңіз жаяу әскерлері ротасы мен катер командирлері болған.

Айта кетері, трагедия 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында «Хазар қорғаны – 2026» әскери оқу-жаттығуы кезінде болған. Жаттығу барысында әскери қызметшілер катерден теңізге түскен кезде ауа райы күрт нашарлап, қатты жел соққан. Соның салдарынан әскери қызметшілерді ашық теңізге алып кеткен.

Алғашқы мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметші кеткені айтылған. Кейін бұл сан нақтыланып, 17 адам болғаны хабарланды. Үш әскери қызметші құтқарылды, ал 14 адамның қаза тапқаны расталды.

Оқиғадан кейін Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша басқа да жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp