Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, қазіргі таңда баспа саласында елеулі өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, технологиялар қарқынды дамығанына қарамастан, кітаптың рухани және адамзаттық құндылықтардың негізгі көзі ретіндегі маңызы ешқашан жойылмайды.
Ол қоғамда кітап оқу мәдениетіне деген қызығушылықтың қайта артып келе жатқанын, әсіресе классикалық әдебиет пен қазіргі заманның өзекті мәселелерін қозғайтын еңбектерге сұраныс көбейгенін жеткізді. Бұл үрдістің жастар арасында да кең таралып келе жатқаны айтылды.
Сондай-ақ Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуы күшейген заманда да кітап оқу мәдениеті ұлт сапасын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі болып қала беруге тиіс екенін атап өтті.
Президент алдағы екі апта ішінде оқу мәдениетін дамытуға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қоятынын да мәлімдеді.