«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тау-кен шахта техникасының сенімділігін арттыруға бағытталған арнайы бағдарламаны іске асырып жатыр, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.
Компания бағдарлама аясында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, негізгі тораптарды қалпына келтіруге және кәсіпорындарды қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге қосымша 6,7 млрд теңге бөлді.
Қаржының игерілуі техниканың техникалық дайындығын тұрақты деңгейде сақтауға, өндірістік процестердің сенімділігін арттыруға және кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бөлінген қаражаттың 1,463 млрд теңгесі ағымдағы жөндеуге жұмсалса, 5,313 млрд теңгесі өздігінен жүретін тау-кен шахта техникасының негізгі тораптарын күрделі жөндеуден өткізуге және қалпына келтіруге бағытталады.
Қаражаттың басым бөлігі Жезқазған өңіріндегі кәсіпорындарға тиесілі. Мұнда жалпы қаржыландыру көлемінің 77%-ы немесе 5,2 млрд теңге қарастырылған. Балқаш өңіріне 835 млн теңге, ал Қарағанды өңіріне 725 млн теңге бөлінді. Қаржы көлемі өндірістік жүктемені, қолданыстағы техника санын және әр өңірдегі жөндеу бағдарламасының қажеттіліктерін ескере отырып белгіленген.
Бағдарлама бойынша тау-кен шахта техникасының 216 негізгі торабын қалпына келтіру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 28-і толық жөндеуден өткізіліп, 15 торап жаңасына ауыстырылды. Тағы 80 торапқа тапсырыс берілген, ал 124 торап бойынша жұмыстар қолданыстағы келісімшарттардың сомасын ұлғайту арқылы жүргізіліп жатыр.
Жөндеу бағдарламасы қазір белсенді кезеңде. Осы уақытқа дейін бөлінген қаражаттың 1,216 млрд теңгесі игерілді, ал тағы 4,797 млрд теңге жөндеу жұмыстарын орындауға бағытталды. Қалған қаражат ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыруға, қосалқы бөлшектер мен негізгі тораптар қорын толықтыруға және жыл соңына дейін жөндеу бөлімшелерін қажетті материалдармен қамтамасыз етуге жұмсалады.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға тиесілі тау-кен шахта техникасының жалпы паркі 747 бірлікті құрады. Техниканың техникалық дайындық коэффициенті 0,84 деңгейінде қалыптасты. Бұл жоспарлы көрсеткішке сәйкес келеді және өндірістік міндеттерді орындауға жеткілікті техникалық дайындық деңгейін көрсетеді.
Тау-кен техникасының сенімділігін арттыру «Қазақмыстың» өндірістік активтерді жаңғырту бағдарламасының басым бағыттарының бірі саналады. Компания жөндеу көлемін кезең-кезеңімен арттырып, жөндеу инфрақұрылымын күшейтуді және кәсіпорындарды қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етуді жалғастыруда.