«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Абыз» кенішіндегі 150 орындық жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жобаны іске асыруға компания 126 млн теңге бөлді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жөндеу барысында жатын бөлмелер мен ортақ пайдаланылатын аймақтар толық жаңартылуда. Бөлмелерде қабырға, төбе және еден жабындары ауыстырылып, есік-терезе жақтаулары мен электр желілері жаңартылып жатыр. Сонымен қатар дәліздер мен холдарда әрлеу жұмыстары жүргізіліп, санитарлық-тұрмыстық бөлмелерде сантехника мен кафель жаңасына ауыстырылуда. Жарықтандыру жүйесі де толықтай жаңғыртылмақ.
Қазақмыс
Жатақхананың жалпы аумағы – 969,5 шаршы метр. Жөндеу жұмыстары жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігіне қолайсыздық тудырмау үшін кезең-кезеңімен ұйымдастырылған. Бір мезгілде тек екі бөлме босатылып, онда тұратын қызметкерлер ауысым кестесіне сәйкес уақытша басқа бөлмелерге орналастырылады.
Қазақмыс
Нысанды толық жаңарту жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде кеніш қызметкерлері ауысымаралық демалысын заманауи әрі жайлы жағдайда өткізе алады.
Бұл жоба «Қазақмыс» компаниясының өндірістік кәсіпорындардағы әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. 2026 жылы компания осы бағыттағы 80-нен астам нысанды жаңартуға 2,4 млрд теңге бөлді. Бағдарлама аясында әкімшілік-тұрмыстық кешендер, медициналық пункттер, жатақханалар, асханалар, жуыну бөлмелері және жұмысшылар күнделікті пайдаланатын басқа да нысандар жөнделуде.
Компанияның мәліметінше, бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – еңбек жағдайын жақсартып қана қоймай, қызметкерлердің тұруына, демалуына және күш-қуатын қалпына келтіруіне қолайлы орта қалыптастыру.