Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» Балқаш зауытын жаңғыртуға миллиардтаған қаржы бөлді

Малика Хамит · · 67 қаралым
«Қазақмыс» Балқаш зауытын жаңғыртуға миллиардтаған қаржы бөлді

«Қазақмыс» тобы Балқаш мыс балқыту зауытында ауқымды жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

2026 жылғы ең ірі өндірістік жобалардың біріне айналған бағдарламаға жалпы 21,8 млрд теңге инвестиция бағытталған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Жоба аясында негізгі технологиялық жабдықтар күрделі жөндеуден өтіп, өндірістік және энергетикалық инфрақұрылым жаңартылуда. Бұл өндірістің сенімділігі мен тиімділігін арттырып, экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Биыл құны 5 млрд теңгеден асатын Ванюков пешіне күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыс небәрі 28 күнде аяқталды. Бұл кәсіпорын тарихындағы ең қысқа мерзімде жүзеге асқан жөндеу ретінде тіркелді. Сонымен қатар алғаш рет кәдеге жарату қазандығының 25 панелі ауыстырылды.

Жаңғырту жұмыстары күкірт қышқылы цехында да жалғасуда. Мұнда 2008 жылдан бері пайдаланылып келген жылу алмастырғыштың орнына жаңа жабдық орнатылды. Сондай-ақ анод пештері мен конвертерлер кезең-кезеңімен жөнделіп, өндірістік техникалар паркі де жаңартылуда.

Бағдарлама тек технологиялық жабдықпен шектелмейді. Зауыт аумағында ішкі жолдар жөнделіп, өндірістік ғимараттар жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жабық жаяу жүргіншілер жолы салынды, ал зауыт тарихына арналған мурал бой көтерді.

Компанияның мәліметінше, кешенді жаңғырту өндірістік қуатты арттырып, жабдықтардың жоспардан тыс тоқтап қалуын азайтуға және жұмыскерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp