Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыс «Батыс» кенішіне қауіпсіздігі жоғары жаңа Sandvik DS511 техникасын жеткізді

Бақытжан Мұса · · 42 қаралым
Қазақмыс «Батыс» кенішіне қауіпсіздігі жоғары жаңа Sandvik DS511 техникасын жеткізді

«Қазақмыс» корпорациясы өндірістегі қауіпсіздік пен тиімділікті арттыру мақсатында жерасты техникасын жаңарту жұмыстарын жалғастыруда. Осыған орай Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған тау-кен өндірісінің «Батыс» кенішіндегі №67 шахтаның төртінші учаскесіне жаңа Sandvik DS511 бұрғылау қондырғысы жеткізілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жаңа техника анкерлік бекітпелерді орнату мен бекіткіш торларды монтаждау кезінде теспелерді механикаландырылған тәсілмен бұрғылауға арналған. Ол бұрын пайдаланылған қондырғыны алмастырып, қауіпсіздік пен өнімділікті арттыратын заманауи техникалық шешімдермен жабдықталған.

Қазақмыс

Sandvik DS511-дің басты артықшылықтарының бірі – бекіткіш торды ұстап тұратын арнайы құрылғының орнатылуы. Бұл шешім тау-кен қазбаларын бекіту жұмыстарының бір бөлігін механикаландырып, жұмысшылардың физикалық жүктемесін азайтып, еңбек жағдайын жақсартады.

Қазақмыс

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес техника «Eclipse» орталықтандырылған өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, 360 градусқа дейінгі шолуды қамтамасыз ететін қосымша камералар операторға жұмыс аймағын толық бақылауға мүмкіндік береді.

Қондырғы 4,5 литрлік Cummins дизельді қозғалтқышымен жабдықталған және жерасты тау-кен жұмыстарының күрделі жағдайында сенімді жұмыс істеуге арналған. Оның болжамды қызмет ету мерзімі алты жылдан асады.

Sandvik DS511 бір жұмыс циклы барысында бұрғылау мен тау-кен қазбаларын бекітуге қажетті негізгі операцияларды орындай алады. Кабина екі адамнан тұратын экипажға арналған және қорғаныс экрандарымен, кондиционермен әрі жылыту жүйесімен жабдықталған.

Қазақмыс

Жерасты техникасын жаңарту – «Қазақмыс» корпорациясының стратегиялық бағыттарының бірі. Компания қолданыстағы техника паркін кезең-кезеңімен жаңартып, өндірістегі қауіпсіздік пен еңбек өнімділігін арттыруға басымдық беріп келеді. Тамыз-қыркүйек айларында кеніштерге 14 бірлік ауыр жерасты техникасын, оның ішінде бұрғылау қондырғылары, тиеу-жеткізу және шахталық тиеу-жеткізу машиналарын жеткізу жоспарланған.

«Батыс» кенішіне жеткізілген Sandvik DS511 – осы ауқымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. Бұл бастама өндірістік процестерді механикаландыруға, қызметкерлердің қауіпсіздігін күшейтуге және тау-кен жұмыстарын барынша тиімді жүргізуге бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp