«Қазақмыс корпорациясы» өндірістік кәсіпорындарын жаңғырту және дамыту жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Компания басшылығы Құю-механикалық зауыт (ҚМЗ) пен Тәжірибелік гидрометаллургиялық зауыттың (ТГМЗ) болашағына қатысты негізгі басымдықтарды айқындады.
Жұмыс сапары барысында корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өндіріс орындарын аралап, технологиялық жаңғырту, өнімділікті арттыру және өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту мәселелерін талқылады.
Құю-механикалық зауытта өндірісті жетілдіруге бағытталған жаңа жобалар қарастырылды. Соның ішінде 3D-баспа технологиясын пайдалану арқылы газдандырылатын үлгілер бойынша құю жүйесін енгізу ұсынылды. Жобаның алдын ала құны шамамен 3,2 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл шешім өндірілетін өнімнің дәлдігін арттырып, механикалық өңдеу шығындарын азайтуға және кәсіпорынның өндірістік қуатын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кәсіпорынның өз өндірісін кеңейту және импорттық өнімдерді алмастыру мәселесіне назар аударылды. Компания қазіргі уақытта сырттан сатып алатын кейбір құю және машина жасау өнімдерін жергілікті өндіріс есебінен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Тәжірибелік гидрометаллургиялық зауытта техногендік шикізатты қайта өңдеу және қосымша өнім өндіру бағытындағы жаңа жобалар талқыланды. Қазір бұл бастамалар зертханалық зерттеу кезеңінен өтіп жатыр. Алдағы уақытта ауқымды өндірістік сынақтар жүргізіліп, өнеркәсіптік регламент әзірленеді.
Жұмыс сапары аясында өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Кәсіпорын басшылығына өндірістік тәуекелдерді азайту, бақылау жүйесін жетілдіру және қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Руслан Өскенәлі аталған екі зауыттың «Қазақмыс» өндірістік кешеніндегі стратегиялық маңызын атап өтіп, оларды дамыту компанияның технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға, өндіріс тиімділігін арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге ықпал ететінін айтты.