«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Қарағайлы кентіне жұмыс сапарымен барып, Қарағайлы байыту фабрикасының өндірістік қызметі мен даму жоспарларын бағамдады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Сапар барысында кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымын жаңғырту, технологиялық жабдықтардың сенімділігін арттыру және өндіріс тиімділігін күшейтуге бағытталған инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды.
Қазақмыс
«Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының құрамындағы Қарағайлы байыту фабрикасы Абыз, Ақбастау және Қажықонған кен орындарынан өндірілетін полиметалл кенін өңдейді. Кәсіпорынның жылдық өңдеу қуаты 1,4 миллион тонна кенді құрайды. Мұнда негізінен мыс пен пирит концентраттары өндіріледі.
Өндірістік нысандарды аралау кезінде фабриканы дамытуға арналған негізгі жобалар қарастырылды. Олардың қатарында сүзгілеу учаскесіне жаңа жабдық жеткізуді жеделдету, қалдық қойыртпағын тасымалдайтын құбырларды ауыстыру, кәсіпорынды ауыз сумен қамтамасыз ететін желіні жаңарту және ұсақтау корпусын қажетті қосалқы бөлшектермен қамту мәселелері бар. Бұл жұмыстар өндірістегі жоспардан тыс тоқтап қалу қаупін төмендетіп, жабдықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Компания өндірісті материалдық-техникалық қамтамасыз етуге де ерекше назар аударып отыр. 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалына жабдықтар, материалдар және қосалқы бөлшектер сатып алуға 5,3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның шамамен 3 миллиард теңгесі Қарағайлы байыту фабрикасына, ал 2 миллиард теңгеге жуығы Ақбастау, Абыз және өзге кеніштердің қажеттіліктеріне бағытталады.
Бөлінген қаражат сүзгілеу, ұсақтау және конвейерлік кешендердің жұмысын жақсартуға, құбырлар мен сорғы жүйелерін жаңғыртуға, электр жабдықтары мен кабель өнімдерін, тау-кен техникасына арналған қосалқы бөлшектерді және өндірістің қауіпсіз әрі үздіксіз жүруіне қажетті материалдарды сатып алуға жұмсалмақ.
Сонымен қатар өндірістік базаны жаңарту аясында фабрика қажеттілігі үшін жаңа тиеу техникасын сатып алу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстарды жеделдетіп, жалға алынатын техниканың көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында Руслан Өскенәлі Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан «Сосновый бор» учаскесін де аралады. Бұл нысанның құрамына тұрғын үйлер, инженерлік желілер, қазандық, сондай-ақ су және электрмен жабдықтау жүйелері кіреді. Тексеру қорытындысы бойынша ғимараттар мен инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту жоспары белгіленді.
Қарағайлы байыту фабрикасын жаңғырту – «Қазақмыс» тобы жүзеге асырып жатқан ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламаның маңызды бөлігі. Компания өндірістік активтерді кезең-кезеңімен жаңартып, технологиялық жабдықтардың сенімділігін арттыруға және қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі заманауи еңбек жағдайларын қалыптастыруға тұрақты түрде инвестиция құюды жалғастырып келеді.