Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» Қарағанды құю-машина жасау зауытының үздік мамандарын марапаттады

Бақытжан Мұса · · 37 қаралым
«Қазақмыс» Қарағанды құю-машина жасау зауытының үздік мамандарын марапаттады

«Maker» ЖШС құрамындағы Қарағанды құю-машина жасау зауытында Машина жасаушылар күніне орай салтанатты жиын өтті. Кәсіби мереке барысында кәсіпорын қызметкерлері өндірістегі жетістіктері, кәсіби шеберлігі және еңбекке жауапкершілікпен қарағаны үшін марапатталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Іс-шараға «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев, Қазақстан Машина жасаушылар одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков, сондай-ақ кәсіпорын серіктестері мен өзге де қонақтар қатысты.

Қазақмыс

Руслан Өскенәлі өз сөзінде Қарағанды құю-машина жасау зауытының Қазақстандағы машина жасау өндірісін дамытудағы маңызын атап өтті.

«Қазір Қарағанды құю-машина жасау зауытында 800-ден астам маман жұмыс істейді. Кәсіпорында 75 жұмысшы мамандығы бар. Зауыт жыл сайын 12 мыңнан астам өнім түрін шығарып, 13 мың тоннадан астам дайын өнім өндіреді. Қазіргі таңда Қазақстанда өнімді терең өңдеуге және отандық өндірісті дамытуға басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты зауыт алдында өнім ассортиментін көбейту, жаңа жабдықтарды меңгеру, еңбек өнімділігін арттыру және жаңа нарықтарға шығу секілді маңызды міндеттер тұр», – деді ол.

Қазақмыс

Сонымен қатар «Қазақмыс» компаниясында 2026 жыл Қауіпсіздік жылы болып жарияланғаны айтылды. Осыған байланысты өндірістегі қауіпсіздік талаптарын сақтау басшылықтан бастап әр қызметкердің күнделікті еңбек мәдениетінің бір бөлігі болуы қажеттігі атап өтілді.

Қазақмыс

Мерекелік шара барысында зауыттың дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкерге мемлекеттік, салалық және корпоративтік марапаттар табысталды. Олардың қатарында III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі, Қарағанды қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Машина жасаушылар одағының «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісі және «Іске адалдығы үшін» медалі бар.

Қазақмыс

Бұдан бөлек, кәсіпорын қызметкерлеріне Бақылау кеңесі төрағасының, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының және «Maker» ЖШС Басқарма төрағасының Құрмет грамоталары табысталды.

Шара барысында зауыт қызметкерлері мен ардагерлерінің көп жылғы еңбегі, кәсіби білімі және кәсіпорын дәстүрлерін қалыптастыруға қосқан үлесі атап өтілді. Мерекелік бағдарлама концерттік қойылымдармен жалғасты.

Қазақмыс

Анықтама:

Қарағанды құю-машина жасау зауытының тарихы 1941 жылдан басталады. Қазіргі таңда кәсіпорында 800-ге жуық адам еңбек етеді. Зауыт жылына 12 мыңнан астам өнім түрін және 13 мың тоннадан астам дайын өнім шығарады. Кәсіпорын өнімдерін «Қазақмыс», «Qarmet», ERG, «Қазцинк» компаниялары, сондай-ақ жақын шетелдегі 100-ге жуық кәсіпорын пайдаланады. Зауыттың өнімдері тау-кен байыту кәсіпорындары мен ірі мұнай-газ кен орындарында қолданылады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp