«Қазақмыс» тобының өндірістік нысандарында аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Оған Жезқазған, Балқаш және Қарағанды өңірлеріндегі, сондай-ақ Жамбыл облысындағы кәсіпорындардың қызметкерлері қатысуда, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.
Абаттандыру жұмыстарының кезекті кезеңіне 800-ден астам жұмыскер жұмылдырылды. Олар өндірістік алаңдар мен оған іргелес аумақтарды санитарлық тазалаудан өткізіп, өндірістік инфрақұрылым нысандарын ретке келтірді.
Бір күн ішінде 47 тоннадан астам тұрмыстық және өндірістік қалдық жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар аумақта шөп шабу, инфрақұрылым элементтерін сырлау және әктеу, қоғамдық орындарды ретке келтіру, жасыл желектерге күтім жасау жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ өндірістік алаңдар алдағы жұмыстарды жүргізуге дайындалды.
Компания кәсіпорындарында аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Негізгі мақсат — жұмыскерлерге қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру, өндірістік мәдениетті арттыру және инфрақұрылым нысандарын тиісті жағдайда ұстау.
Маусым айынан бері «Қазақмыс» тобының кәсіпорындарында абаттандыру жұмыстарына 5 450 қызметкер қатысты. Осы уақыт аралығында 177 тоннадан астам тұрмыстық және өндірістік қалдық жиналып, шығарылды.