Батыс Жезқазған кенішіндегі 73-75 шахтаның әкімшілік-тұрмыстық кешенінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған нысан биыл «Қазақмыс» тобының әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы аясында жаңартылатын алғашқы нысандардың бірі болып отыр, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.
2026 жылы компания әлеуметтік және тұрмыстық мақсаттағы 80-нен астам нысанды жаңғыртуға 2,4 млрд теңге инвестиция бағыттады. Бағдарлама бойынша әкімшілік-тұрмыстық кешендер, медициналық пункттер, жатақханалар, асханалар, жуыну бөлмелері және қызметкерлер тұрақты пайдаланатын басқа да нысандар жөнделіп, жаңартылуда.
«Q.I. Satbaev atyndagy Jezqazgan Tau-ken ondirisi» филиалының кәсіпорындарында жаңғырту бағдарламасына 38 нысан енгізілген. Қазір жөндеу жұмыстары Батыс Жезқазған кенішінің 73-75 шахтасындағы әкімшілік-тұрмыстық кешенде, Жезқазған байыту фабрикасының медициналық пунктінде және Мамандандырылған энерго-жөндеу басқармасының әкімшілік-тұрмыстық кешенінде жүргізіліп жатыр.
73-75 шахтадағы әкімшілік-тұрмыстық кешеннің ішкі бөлігін жаңарту жұмыстары да мәресіне жақындады. Мұнда қабырғалар, төбелер мен едендер жөнделіп, жаңа есіктер орнатылды. Қазіргі уақытта нысандағы әрлеу жұмыстары аяқталып келеді. Кешенді жөндеуге 60 млн теңге инвестиция салынған.
Жөндеу жұмыстары өндірістік процестерге әсер етпей, бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жұмыстар барысында құрылыс сапасына, пайдаланылатын материалдардың талапқа сәйкестігіне және өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуына басымдық беріліп отыр.
Әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды жаңғырту «Қазақмыстың» өндірістік алаңдарды кешенді дамыту жоспарының маңызды бағыттарының бірі саналады. Компания жұмыс орындарындағы тұрмыстық жағдайды өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қызметкерлердің әл-ауқатының маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Осыған байланысты кәсіпорындарда еңбеккерлерге қолайлы әрі заманауи жағдай жасау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.