Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыс кәсіпорындарындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жаңартылып жатыр

Бақытжан Мұса · · 17 қаралым
Қазақмыс кәсіпорындарындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жаңартылып жатыр

«Қазақмыс» компаниясы 2026 жылы кәсіпорындарындағы әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартуға кірісті. Бағдарлама өндірістік нысандар мен вахталық кенттерді қамтиды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Жыл басынан бері Жезқазған, Балқаш және Қарағанды өңірлеріндегі кәсіпорындарға жаңа жабдықтар мен қажетті мүлік жеткізіліп жатыр.

Жаңарту жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі – қызметкерлердің киім ауыстыратын бөлмелерін жабдықтау. Биыл жұмысшылардың жеке және арнайы киімдеріне арналған шамамен 6,9 мың шкаф сатып алынып, орнатылды. Оның 4,5 мыңнан астамы Жезқазған өңіріндегі кәсіпорындарға, 1,6 мыңнан астамы Балқаш өңіріне және 700-ден астамы Қарағанды өңіріне жеткізілді. Жаңа шкафтар табиғи желдету жүйесімен жабдықталған.

Сонымен қатар вахталық кенттердегі жатын бөлмелер жаңартылып жатыр. 2026 жылы шамамен 10 мың дана төсек-орын және тоқыма бұйымдарын сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда кәсіпорындарға 7,8 мыңға жуық өнім жеткізілді. Оның ішінде төсек-орын жабдықтары, ортопедиялық матрастар, жастықтар, көрпелер мен жапқыштар бар.

Қызметкерлердің тамақтануына да назар аударылып отыр. 1 қыркүйектен бастап Қарағанды және Балқаш өңірлеріндегі кәсіпорындарда тамақтануды ұйымдастырудың бірыңғай тәсілі енгізілді. Тағамның сапасы мен қауіпсіздігіне, ас мәзіріне, тамақ дайындау технологиясы мен қызмет көрсету деңгейіне ортақ талаптар белгіленді.

Компания мәліметінше, асханалардың жұмысын бағалау кезінде қызметкерлердің пікірі мен кері байланысы да ескеріледі.

Әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары кәсіпорындарда кезең-кезеңімен жалғасады. Компания қызметкерлердің күнделікті пайдаланатын нысандары мен көрсетілетін қызметтердің сапасына ерекше назар аударып отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp