«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндірістік нысандардағы конвейер жабдықтарын кезең-кезеңімен жаңарту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Кезекті жұмыстар Жезқазған байыту фабрикасы мен «Батыс» кенішіндегі тозған конвейер учаскелерін ауыстыруды қамтиды, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.
Жезқазған байыту фабрикасына ені 1200 мм, ұзындығы 338 метр конвейер таспасы жеткізілді. Таспа ұсақталған кенді диірмендерге жеткізетін №2 бас корпустағы жоғары жүктемелі көлбеу конвейерді жөндеу кезінде пайдаланылады. Фабрикада жалпы ұзындығы 100 метрге дейін жететін 52 конвейер жұмыс істейді. Пайдалану жағдайына байланысты таспалардың орташа қызмет ету мерзімі көлбеу учаскелерде шамамен бір жыл, ал көлденең учаскелерде бір жарым жылды құрайды.
«Батыс» кенішінде жалпы ұзындығы 2,2 шақырым болатын №4 конвейерге күрделі жөндеу жүргізу үшін 1500 метр шахталық, қиын жанатын және антистатикалық резеңке-тросты таспа сатып алынды. Жаңарту нәтижесінде жабдықтың пайдалану сипаттамалары қалпына келтіріліп, жерасты өндірісі жағдайындағы жұмыстың сенімділігі артады.
Конвейер таспаларын жоспарлы ауыстыру өндірістік жабдыққа техникалық қызмет көрсету жүйесінің негізгі бағыттарының бірі болып саналады. Мұндай жұмыстар жабдықтың жұмысқа қабілеттілігін уақытылы қалпына келтіруге, жоспардан тыс тоқтап қалу қаупін төмендетуге және технологиялық процестің үздіксіздігін сақтауға мүмкіндік береді.
Конвейер шаруашылығын жаңарту «Қазақмыс» кәсіпорындарының өндірістік инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға бағытталған шаралардың бір бөлігі. Компания өндірістік жабдықтардың техникалық жағдайын жақсартуға тұрақты түрде инвестиция салып, кәсіпорындардың қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті жағдай қалыптастыруда.
Конвейер таспаларын жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жеткізу жоспарына сәйкес, «Қазақмыс» кәсіпорындарына қосымша 15,8 мың қума метр конвейерлік және резеңке-тросты таспа жеткізу көзделген. Оның шамамен 11,9 мың метрі Жезқазған өңіріне, 2 мың метрі Қарағанды кәсіпорындарына және 1,9 мың метрі Балқашқа бағытталады. Жаңа таспаларды жеткізу тозған учаскелерді кезең-кезеңімен ауыстыруға және шикізат пен материалдарды тасымалдау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.