Мазмұнға өту
qandastar.

"Қазақмыс" қауіпсіздік талаптарын күшейтетін ауқымды науқан бастады

Малика Хамит · · 490 қаралым
"Қазақмыс" қауіпсіздік талаптарын күшейтетін ауқымды науқан бастады

Қазақстандағы ірі өндірістік компаниялардың бірі – Қазақмыс өндірістегі қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа коммуникациялық науқанды іске қосты.

Бағдарлама 1 маусымнан басталып, алты ай бойы барлық өндірістік бөлімшелерде жүзеге асырылады, деп хабарлайды

порталы.

Бастама компания жариялаған Қауіпсіздік жылы аясында қолға алынған.

Оның негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру, өндірістік тәртіпті нығайту және жұмыс орнындағы тәуекелдерді азайту.

Компания өндірістік үдерістер мен ішкі статистиканы талдау нәтижесінде қауіпсіздікке қатысты бірқатар негізгі стандарттарды жаңартқан. Талаптардың мазмұны өзгермегенімен, құжаттар жұмысшыларға түсінікті әрі тәжірибеде қолдануға ыңғайлы болуы үшін қайта әзірленді.

Науқан аясында әр ай белгілі бір қауіпсіздік тақырыбына арналады. Алғашқы кезеңде жабдықтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету кезінде қолданылатын қауіпті энергия көздерін оқшаулау жүйесіне ерекше назар аударылып отыр.

Бағдарламаның басты ұраны – «Бұғаттаусыз жұмысқа кіріспе».

Бұл жүйе жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан қызметкердің арнайы қорғаныс құлпын орнатуын міндеттейді. Құлып шешілмейінше жабдықты іске қосу мүмкін болмайды. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл техниканың күтпеген жерден қосылу қаупін едәуір төмендетеді.

Компанияның еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Жанбек Есмаханов қауіпсіздік талаптарын сақтау әр қызметкердің жеке жауапкершілігі екенін атап өтті.

Біздің басты мақсатымыз – әр жұмыскердің ауысым соңында өз отбасына аман-есен оралуы. Компания барлық қажетті қорғаныс құралдарын береді, алайда қауіпсіздік ережелерінің тиімділігі әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда кез келген қызметкер жұмысты тоқтатуға құқылы әрі міндетті
деді ол.

Жоба өндірістегі оқыс оқиғалардың себептерін талдау негізінде әзірленген. Бағдарлама энергия көздерін анықтау, оларды толық ажырату, қалдық қысымды түсіру және жұмыс басталар алдында қауіпсіздікті тексеру сияқты маңызды талаптарды қамтиды.

Компанияның мәліметінше, науқанның басты мақсаты – қауіпсіздік ережелерін жай талап ретінде емес, күнделікті жұмыс дағдысына айналдыру және өндірістегі әр қызметкердің қорғалу деңгейін арттыру.

Бөлісу: Telegram WhatsApp