«Қазақмыс корпорациясы» Қарағанды облысындағы «Нұрқазған» кен орнының Шығыс учаскесінде жаңа шахта оқпанының құрылысын бастады. Компания бұл жобаға 32,5 миллиард теңгеден астам инвестиция құяды, дейді Qandastar.kz порталы.
«Ауа жеткізуші-клет-2» деп аталатын жаңа нысанның жобалық тереңдігі 1283,9 метрді құрайды. Осылайша ол Қазақстандағы ең терең шахта оқпаны болмақ.
Жоба «Нұрқазған» кенішінің Шығыс учаскесін дамытуға бағытталған. Оның іске асырылуы кен қорларын тиімді игеруге, өндірістегі қауіпсіздікті күшейтуге және кәсіпорынның ұзақ мерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрылыстың басталу рәсіміне «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығы, мердігер ұйым өкілдері мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Салтанатты шара барысында құрылысқа ресми түрде старт берілді.
Компанияның Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековтің айтуынша, жоба өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және компанияның шикізат қорын нығайтуға бағытталған.
Жаңа шахта оқпаны арқылы жерасты қазбалары таза ауамен қамтамасыз етіліп, қызметкерлер мен өндірістік техниканы қауіпсіз тасымалдауға жағдай жасалады. Сонымен қатар Шығыс учаскесіндегі жаңа кен қорларын игеруге мүмкіндік туады.
Құрылыс барысында 65 мың текше метрден астам тау жынысы қазылып, қолданыстағы шахта деңгейлерімен тоғыз түйісу нысаны салынады.
Жобаны жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрады. Оқпанды қазу жұмыстары 2031 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Кейін шахта заманауи көтергіш жүйелермен, желдеткіш қондырғыларымен және ауа жылыту жүйесімен жабдықталады.
Алдағы уақытта кен орнының Шығыс учаскесінде екінші «Желдеткіш-2» шахта оқпанының құрылысы басталады. Бұл нысан пайдаланылған ауаны сыртқа шығаруға, резервтік шығу жолын қалыптастыруға және кен қорларын одан әрі игеруге мүмкіндік береді.
Мамандардың мәліметінше, мыс, алтын және күміс қоры расталған «Нұрқазған» кен орны тау-кен байыту кешенінің 40 жылдан астам тұрақты жұмысын қамтамасыз ете алады. Жоба «Қазақмыс» компаниясының өндірісті жаңғыртуға және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасының маңызды бөлігі саналады.