Жезқазған өңіріндегі «Батыс» кенішінде жұмысшылардың күнделікті тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Қазақмыс» бұл мақсатқа 89,4 млн теңгеден астам қаражат бөлген.
Жаңғырту бағдарламасы аясында кеніште барлығы бес жоба қолға алынған. Оның төртеуі қазірдің өзінде аяқталды.
Атап айтқанда, №73-75 шахталардың әкімшілік-тұрмыстық корпусы мен жылу өткелі жөнделіп, ғимараттардың шатырына жаңа су ағызу жүйелері орнатылған. Сонымен қатар автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесі іске қосылды.
Қазір негізгі жұмыстар №67 шахтаның әкімшілік-тұрмыстық кешенінде жүріп жатыр. Мұнда бір мезетте 70 адам пайдаланатын жуыну және киім ауыстыру бөлмелері күрделі жөндеуден өтуде.
Жөндеу 569,3 шаршы метр аумақты қамтиды. Жұмыс барысында кафельдер мен едендер жаңартылып, қабырғалар сырланады, аспалы төбелер орнатылады. Бұдан бөлек, есік-терезелер де ауыстырылады.
Қазіргі уақытта жұмыстың 40%-ы орындалған. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Компанияның мәліметінше, мұндай жобалар кеніштердегі еңбек жағдайын жаңартып, қызметкерлерге қауіпсіз әрі қолайлы тұрмыстық орта қалыптастыруға бағытталған.