«Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Қытайға жұмыс сапарымен барып, елдің жетекші металлургиялық және технологиялық компанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Сапар аясында делегация Хубэй провинциясында орналасқан Daye Smelter мыс балқыту зауытына барып, өндірістік үдерістермен танысты. Зауытта автоматтандыру, энергия тиімділігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік және экологиялық технологиялар саласындағы заманауи шешімдер көрсетілді.
Компания мәліметінше, сапардың негізгі мақсаты – өндірістік активтерді жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттыруға және өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін дамытуға арналған халықаралық тәжірибені зерделеу.
Сонымен қатар, делегация энергетикалық жабдық өндіретін CNPC (Jichai Power Company) компаниясымен келіссөз жүргізді. Тараптар автономды энергия генерациясы мен өндірістік нысандардың энергия тиімділігін арттыруға арналған технологияларды талқылады.
Халықаралық тау-кен металлургиялық тобы CNMC (NFC) компаниясымен өткен кездесуде технологиялық әріптестік, тәжірибе алмасу және өндірістік тиімділікті арттыру мәселелері сөз болды.
«Қазақмыс» өкілдерінің айтуынша, мұндай халықаралық сапарлар компанияның өндірістік нысандарын жаңғыртуға және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.