Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» Нұрқазған фабрикасында жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысын бастады

Бақытжан Мұса · · 31 қаралым
«Қазақмыс» Нұрқазған фабрикасында жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысын бастады

Қарағанды облысындағы Нұрқазған байыту фабрикасында қызметкерлерге арналған жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы басталды. Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында іске асырылып, жұмыскерлердің еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл туралы Qandastar.kz порталы хабарлады.

Жаңа кешеннің құрылысына 2,39 млрд теңге инвестиция бөлінген. Жалпы ауданы 2 400 шаршы метрден асатын екі қабатты ғимарат 567 қызметкерге арналған және өндірістік алаңдағы ең ірі әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың біріне айналады.

Қазақмыс

Кешенде санитариялық-тұрмыстық бөлімдер, кір жуу аймағы, медициналық пункт, арнайы киімдерді кептіруге арналған бөлмелер, демалыс орындары мен ауысым алдындағы медициналық тексеру және физиотерапия кабинеттері қарастырылған.

Құрылыс жұмыстарының басталуына арналған салтанатты рәсімге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, компания басшылығы, бас мердігер өкілдері және Нұрқазған байыту фабрикасының қызметкерлері қатысты.

Қазақмыс

Іс-шара барысында Нұрмұхамбет Әбдібеков жаңа кешеннің құрылысы компанияның жұмыскерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған маңызды жобаларының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, еңбек адамын қолдау мен өндірістік инфрақұрылымды дамыту компания қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

Салтанатты рәсім аясында компания басшылығы мен бас мердігер өкілдері болашақ ұрпаққа арналған арнайы үндеуге қол қойды. Құжат естелік капсуласына салынып, жаңа ғимараттың іргетасына орналастырылды. Капсуланы нысан толық пайдалануға берілгеннен кейін ашу жоспарланып отыр.

Аталған жоба «Қазақмыс» компаниясының өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған кешенді бағдарламасының бір бөлігі саналады. Компания өндірістік қауіпсіздікті күшейту, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында осындай жобаларға тұрақты түрде инвестиция салып келеді.

Жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы 2027 жылдың тамыз айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp