Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» «Нұрқазған» кенішінде 8,4 млрд теңгелік жоба іске асырып жатыр

Бақытжан Мұса · · 14 қаралым
«Қазақмыс» «Нұрқазған» кенішінде 8,4 млрд теңгелік жоба іске асырып жатыр

«Қазақмыс» компаниясы «Нұрқазған» кенішінің жерасты инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Батыс учаскеде магистральдық конвейерді ұзарту және -140 метр деңгейіндегі №16 кен түсірмесіне арналған конвейерлік-ұсақтау кешенін салу жүргізілуде. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Қазіргі уақытта МК №4.1-ден МК №3.2-ге және МК №4.2-ден МК №4.1-ге өтетін торап камераларында темірбетон бекітпелері орнатылуда. Ұсақтау камерасында да монтаж жұмыстары басталып, конвейердің металл конструкциялары құрастырылып жатыр.

Қазақмыс

Құрылыс-монтаж жұмыстарына МЖМБ және Ғ. Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресінің мамандары тартылған.

Жобаның негізгі мақсаты – кенді тасымалдаудың қолданыстағы автоматтандырылған жүйесін кеңейту. Жаңа кешен тау-кен жұмыстарын терең деңгейлерге ауыстыру кезінде жерасты көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және дөңгелекті көліктің қолданылуын азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақмыс

Жоба бойынша кен массасы тиеу-жеткізу машиналарымен -60, -80, -100 және -120 метр деңгейлеріндегі №16 кен түсірмесінің түсіру камераларына жеткізіледі. Кейін кен арнайы жүйе арқылы ұсақтау қондырғысына түсіп, одан әрі жалпы ұзындығы 844 метр болатын жаңа конвейер желісіне жөнелтіледі.

Жаңа жүйе сағатына 1000 тоннаға дейін кен тасымалдауға қауқарлы. Конвейерлік кешен қолданыстағы МК №3.2 магистральдық конвейеріне қосылады. Осылайша кеніштің терең қабаттарынан Нұрқазған байыту фабрикасына дейін кен жеткізетін бірыңғай көлік жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр.

Қазақмыс

Жоба «Қазақмыстың» өндірістік нысандарды жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде кәсіпорындардың инфрақұрылымын жаңарту және тау-кен жұмыстарының ұзақ мерзімді дамуын ескере отырып, өндіріс тиімділігін арттыруға басымдық берілген.

Конвейерлік-ұсақтау кешенін іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған.

Қазақмыс

«Қазақмыс» компаниясының «Нұрқазған» кенішінің жерасты инфрақұрылымын жаңғыртуға бағыттаған инвестиция көлемі шамамен 8,4 млрд теңгені құрайды. Оның 5,9 млрд теңгесі жаңа кешеннің құрылысына жұмсалады.

Жоба кеніштің жерасты инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартудың бір бөлігі саналады. Оның іске қосылуы терең қабаттарды игеру кезінде кенді тасымалдау тиімділігін арттыруға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp