Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» өндірістегі бақылауды күшейтті: 5 күнде 400-ден астам аралау өтті

tursynhan · · 313 қаралым
«Қазақмыс» өндірістегі бақылауды күшейтті: 5 күнде 400-ден астам аралау өтті

Jezqazgan Tau-ken Ondirisi компаниясының бас директоры Батыс кенішінде өндірістік аралау өткізіп, негізгі тау-кен жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар еңбек ұжымымен кездесіп, өндіріс қауіпсіздігі мен жұмыс тиімділігін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды QANDASTAR порталы.

Аралау кезінде теміржол инфрақұрылымына жақын орналасқан жаңа жерасты жолының құрылысы қаралды. Бұл жоба кен тасымалдау қашықтығын азайтып, өндірістің операциялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған. Жаңа порталдың іске қосылуы кеніштің минералдық-шикізат қорын ұлғайтуға ықпал етпек.

Сондай-ақ қолданыстағы өндірістік учаскелер, атап айтқанда төртінші және бесінші кен өндіру горизонттары тексерілді. Кеншілермен кездесу барысында еңбек жағдайы мен жұмысшыларды алаңдатқан мәселелер талқыланды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау басты басымдық екені айтылды.

Бұдан бөлек, конвейер учаскесінің жұмысы қаралып, кен қорын көбейтуге бағытталған геологиялық барлау жұмыстарының барысы таныстырылды.

Мұндай тұрақты өндірістік аралау «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді. Жоба басшылық пен еңбек ұжымы арасындағы тікелей байланысты нығайтуға бағытталған.

Іс-шаралар басқару үдерісінің ашықтығын арттыру және қызметкерлердің өтініштеріне жедел әрекет ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан QA корпоративтік жобасы аясында ұйымдастырылуда.

30 сәуір мен 4 мамыр аралығында компания кәсіпорындарында түрлі деңгейдегі 198 басшының қатысуымен 406 өндірістік аралау өткізілді. Анықталған барлық мәселе бірыңғай дерекқорға енгізіліп, компания басшылығының арнайы отырыстарында қаралады.

Негізгі назар өнеркәсіптік қауіпсіздікке, еңбек жағдайына, өндірістік процестерді ұйымдастыруға және ұжымдағы әлеуметтік ахуалға аударылған. Маңызды әрі жүйелі мәселелер бойынша өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және жұмыс ортасының сапасын арттыруға бағытталған басқарушылық шешімдер қабылданады.

Компания өндірістік аралау тәжірибесін алдағы уақытта да жалғастырып, ішкі коммуникация тиімділігін күшейтуді және өндірістегі шешім қабылдау үдерісін жеделдетуді көздеп отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp