«Қазақмыс корпорациясы» өндірістегі цифрлық мониторинг жүйесін дамытуды жалғастырады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Компанияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазғанға жұмыс сапары барысында өндірістік және әкімшілік нысандарды, сондай-ақ ахуалдық орталықтың жұмысын аралады.
Сапар кезінде компания басшылығына өндірістің негізгі үдерістерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық платформаның мүмкіндіктері таныстырылды.
Жүйе кеннің өндірілуі мен өңделуінен бастап, концентраттың шығарылуы және жабдықтардың жүктемесіне дейінгі процестерді қамтиды.
Сонымен қатар өндірістік нысандардағы позициялау және бейнебақылау жүйелеріне ерекше назар аударылды.
Диспетчерлік орталық экранында шахталар, өндірістік алаңдар, техника мен қызметкерлер қозғалысы онлайн режимде көрсетіледі. Бұл бөлімшелер жұмысын жедел үйлестіруге мүмкіндік береді.
Руслан Өскенәлі диспетчерлік қызметтің тәулік бойғы жұмысымен танысып, бірқатар бөлімше ұжымдарымен кездесті.
Сапар қорытындысында компания басшысы өндірісте цифрлық шешімдерді одан әрі дамыту мен бейнебақылау жүйесін жаңғыртудың маңызын атап өтті.
«Қазақмыс» өндірістік бақылаудың тиімділігін арттыру және мониторингтің жеделдігін күшейту үшін техникалық инфрақұрылымды жаңартуды жалғастырмақ.