Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» өндірісті цифрландыруға 4 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады

Бақытжан Мұса · · 30 қаралым
«Қазақмыс» өндірісті цифрландыруға 4 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады

«Қазақмыс» Тобы өндірісті цифрлық трансформациялау бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жалғастыруда. 2026 жылы компания ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған цифрлық шешімдерді енгізуге 3,3 млрд теңге, ал геотехникалық сүйемелдеу мен үш өлшемді геомеханикалық модельдерді әзірлеуге 800 млн теңгеден астам қаржы бөлді, дейді Qandastar.kz.

Компанияның басым бағыттарының бірі – тау-кен жұмыстарын жоспарлау үдерісін цифрландыру. Қазіргі уақытта кәсіпорындарда кен орындарының блоктық және қаңқалық модельдері қолданылып келеді. Алдағы кезеңде литологиялық, құрылымдық және геомеханикалық деректерді біріктіретін кешенді 3D модельдер жасалады. Бұл шешімдер геологиялық жағдайды дәлірек болжауға, жоспарлау сапасын арттыруға, кен қорын тиімді игеруге және өндірістік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінуде. Компания негізгі желдеткіш қондырғыларын автоматтандыруды жалғастырып, аэрогаздық бақылау жүйесін кеңейтуде. Оның аясында «Жомарт» кенішіне қосымша стационарлық датчиктер орнатылып жатыр. Сонымен қатар персонал мен техниканың соқтығысуының алдын алатын L9 деңгейлі жүйелер, сейсмикалық мониторинг, газталдағыштардан ақпаратты автоматты қабылдау және басқа да цифрлық қауіпсіздік шешімдері сынақтан өткізілуде.

Цифрлық трансформацияның маңызды элементтерінің бірі – «Jezqazgan Tau-ken Ondirisi» ЖШС Бірыңғай диспетчерлік қызметі. Ол өндірістегі барлық негізгі ақпараттық жүйелерді біріктіретін ортақ бағдарламалық платформамен жұмыс істейді. Жүйе нақты уақыт режимінде өндіріс барысын, өнеркәсіптік қауіпсіздікті, жабдықтардың жай-күйін, инженерлік инфрақұрылымды, сондай-ақ қызметкерлер мен техниканың орналасуын бақылауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса өндірістік деректерді жинауға, сақтауға және талдауға арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылуда. Негізгі ақпарат көзі ретінде тау-кен техникасына орнатылған борттық компьютерлер пайдаланылады. Олар техниканың техникалық жағдайы, жұмыс режимі, жанармай шығыны және басқа да көрсеткіштер туралы мәліметтерді үздіксіз жеткізіп отырады. Бұл жабдықтарға уақытылы қызмет көрсетуге, шығындарды азайтуға және өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.

Компания өндірістік бақылаудың цифрлық жүйесін де жетілдіруде. Қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі мен автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесін персонал мен көлікті позициялау жүйесімен біріктіру арқылы қызметкерлердің өндірістік операцияларға қатысуы тиімді бақыланады.

Сондай-ақ позициялау жүйесінің негізінде электронды цифрлық қолтаңба арқылы тапсырма беру, жұмыс орындарының дайындығын бағалау, шахта жабдықтарын қабылдау-тапсыру және профилактикалық жұмыстарды автоматтандыру жүзеге асырылып жатыр. Барлық мәліметтер кеніштің цифрлық картасында көрсетіліп, өндірістік тапсырмалардың орындалуын жедел бақылауға мүмкіндік береді.

Цифрлық экожүйені дамыту аясында қызметкерлерге арналған SEN мобильді қосымшасы да жетілдірілуде. Ол өндірістік және корпоративтік сервистерді бір платформада біріктіреді.

Компанияның мәліметінше, бұл жобаларды кешенді іске асыру өндірістегі барлық негізгі үдерістерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріп, жоспарлау сапасын жақсартып, өндіріс тиімділігі мен қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp