Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға 2,4 млрд теңге бағыттайды

tursynhan · · 689 қаралым
«Қазақмыс» өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға 2,4 млрд теңге бағыттайды

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасын кезең-кезеңімен іске асыруды жалғастыруда. Бағдарламаның жаңа кезеңінде компанияның бірнеше өндірістік алаңында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Жаңғырту әкімшілік-тұрмыстық кешендерді, жатақханаларды, асханаларды, медициналық пункттерді, жуынатын бөлмелерді және жұмыскерлер күнделікті пайдаланатын өзге де нысандарды қамтиды.

Бағдарламаның ең ірі жобаларының бірі «Нұрқазған» кенішінде жүзеге асырылуда. Мұнда бірнеше ғимаратқа бір мезгілде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жоба аясында әкімшілік-тұрмыстық кешендердің қасбеті жаңартылып, жылу оқшаулауы күшейтілуде, сондай-ақ жуынатын және қызметтік үй-жайлар қайта жаңғыртылуда. Бұл жұмыстарға 113,4 млн теңгеден астам инвестиция бағытталды.

Сонымен қатар Нұрқазған, Қарағайлы және Балқаш байыту фабрикаларында, сондай-ақ Balqash Tau-Ken Öndirisi филиалының өндірістік бөлімшелерінде жөндеу жұмыстары басталды. Мұнда әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, жуынатын бөлмелер, инженерлік желілер мен шатырлар жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларға 367 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Саяқ» кенішінде әкімшілік-тұрмыстық кешендерге, жуынатын бөлмелерге және ғимараттардың қасбетіне күрделі жөндеу жүргізіліп, іргелес аумақ абаттандырылуда. Сонымен қатар №17 «Тастау» асханасын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстарға 187,2 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды.

«Шатыркөл» кенішінде инженерлік-техникалық қызметкерлерге арналған жатақхана, қонақүй, медициналық пункт пен кір жуу ғимараты жаңартылуда. Бұған қоса №2 порталдағы шеберлер бөлмесі мен тамақтану бөлмесіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталу сатысына жетті. Бұл жобаларға 31 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Биылғы жылы бағдарлама шеңберінде жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 80-нен астам нысанды жаңарту жоспарланған. Нысандардың басым бөлігі ұзақ жылдар пайдаланылғаннан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтеді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – өндірістік нысандардың техникалық жай-күйін жақсартумен қатар, жұмыскерлер үшін қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру. Әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғырту өндірістік алаңдардың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, заманауи қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сәйкес келетін еңбек ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp