Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» Оңтүстік Жезқазған кенішін жаңғырту мен еңбек жағдайын жақсартуға инвестицияны арттырады

tursynhan · · 354 қаралым
«Қазақмыс» Оңтүстік Жезқазған кенішін жаңғырту мен еңбек жағдайын жақсартуға инвестицияны арттырады

«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Оңтүстік Жезқазған кенішіне барып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – өзекті мәселелерді ашық талқылап, оларды шешудің алдағы қадамдарын айқындау болды, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Тікелей әрі сындарлы диалог барысында компания басшылығы жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелерді жан-жақты қарастырды. Еңбек ұжымы материалдық-техникалық базаны жаңғырту, тау-кен техникасы мен жабдықтарының тозуы, еңбек жағдайлары мен тұрмыстық инфрақұрылымды жақсарту, сондай-ақ өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті одан әрі күшейту мәселелерін көтерді.

Көтерілген мәселелердің басым бөлігі өткен жылдардағы жеткіліксіз қаржыландыру салдарынан қалыптасқан өндірістік жабдықтардың техникалық жай-күйіне қатысты болды. Осыған байланысты компания өндірістік активтерді жаңғыртуға, жабдықтардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны кеңейтіп, жеделдетуді жоспарлап отыр.

Жұмысшылардың сұрақтарына жауап берген Руслан Өскенәлі қызметтік тергеу жүргізіліп жатқан кезеңде Басқарма төрағасының орынбасары лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттетілетінін хабарлады.

Басқарма төрағасы көтерілген мәселелердің едәуір бөлігі көптеген жылдар бойы жинақталғанын және оларды шешу жүйелі жұмысты талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, компанияның жаңа басшылығы меншік иесінің қолдауымен өндірістік активтерді жаңғырту, қауіпсіздікті арттыру және қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту бағдарламасын іске асырып жатыр.

Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен бастамалар жұмысқа қабылданып, Басқарма төрағасының жеке бақылауына алынды. Руслан Өскенәлі еңбек ұжымы көтерген барлық мәселелер толық зерделенгенге дейін кеніште жұмысын жалғастыратынын жеткізді.

Кездесу барысында компанияның өндірістік дамуға ғана емес, өңірлердегі әлеуметтік жобаларға да инвестиция көлемін тұрақты түрде ұлғайтып отырғаны атап өтілді. Қазіргі уақытта Жезқазған және Сәтбаев қалаларын дамытуға бағытталған жалпы құны 32 млрд теңгені құрайтын кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғырту көзделген.

Сонымен қатар минералдық-шикізат базасын дамытуға салынатын инвестиция көлемі айтарлықтай артты. Бұған дейін Жезқазған кен орнындағы геологиялық барлау жұмыстарына жыл сайын шамамен 5 млн АҚШ доллары бөлінсе, бүгінде бұл көрсеткіш 40 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған.

Ірі экологиялық жобаларды әзірлеу жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, Жезқазған мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехын салу жобасы қарастырылып жатыр. Бұл жоба өндірістің қоршаған ортаға әсерін одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді.

Еңбекақы мәселесіне тоқталған компания басшылығы қызметкерлердің әл-ауқатын кезең-кезеңімен арттыру бағытын ұстанатынын растады. Бұл бағыттағы барлық шешімдер кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы және еңбек ұжымының ұзақ мерзімді мүдделері ескеріле отырып қабылданатын болады.

«Қазақмыс» еңбек ұжымдарымен жүйелі диалогты және қызметкерлермен тікелей өзара іс-қимыл тәжірибесін жалғастырады. Компания қызметкерлермен ашық қарым-қатынасты кәсіпорынның тұрақты дамуының, еңбек қауіпсіздігін арттырудың және әлеуметтік жағдайларды жақсартудың маңызды тетігі ретінде қарастырады.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Жезқазған кеніші штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік үдерістер бекітілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылуда.

Бөлісу: Telegram WhatsApp