Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» пен «Алматы» ӘКК өңіраралық кооперацияны дамыту жөнінде меморандумға қол қойды

Бақытжан Мұса · · 563 қаралым
«Қазақмыс» пен «Алматы» ӘКК өңіраралық кооперацияны дамыту жөнінде меморандумға қол қойды

Астанада «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен «Алматы» ӘКК» АҚ басшылары – Руслан Өскенәлі мен Марат Байдурин – отандық бизнес пен өңіраралық өндірістік кооперацияны дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Құжаттың негізгі мақсаты – өзара тиімді әріптестікті күшейту, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, өндірістерді жергіліктендіру деңгейін арттыру және өнеркәсіптік байланыстарды кеңейту. Сондай-ақ Алматы қаласы мен Ұлытау облысының экономикалық дамуын жандандыруға ерекше назар аударылады.

«Қазақмыс» компаниясы үшін қазақстандық қамтуды дамыту ұзақ мерзімді стратегияның маңызды бөлігі болып қала береді. 2025 жылғы қорытынды бойынша компания отандық өндірушілерден шамамен 577 млрд теңгеге тауарлар мен қызметтер сатып алған. Оның 152 млрд теңгеге жуығы Алматы кәсіпорындарының үлесіне тиіп, қаланың өңіраралық өндірістік тізбектегі рөлін айқын көрсетеді.

Жаңа келісім аясында «Қазақмыс» кәсіпорындары мен «Алматы индустриялық аймағы» резиденттері арасында кооперацияны күшейту, сатып алу үлесін ұлғайту, өндірістік қажеттіліктер бойынша ақпарат алмасу және бірлескен іскерлік кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар шикізатты терең өңдеу бағыттарын дамыту және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаратын өндірістік тізбектерді қалыптастыруға басымдық беріледі.

Қазіргі уақытта «Алматы индустриялық аймағында» 147 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 57-сі іске қосылған. Жалпы инвестиция көлемі 884 млрд теңгені құрайды. Ал 2026 жылы құны 10,3 млрд теңге болатын тағы 8 жобаны іске қосу жоспарланған.

Бұл меморандум өңіраралық экономикалық байланысты нығайтып, өткізу нарығын кеңейтуге және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға жол ашпақ.

Тағы да: Қазақмыс.

Бөлісу: Telegram WhatsApp