Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» пен Индонезия Елшілігі металлургия саласындағы әріптестік мәселелерін талқылады

tursynhan · · 4 қаралым
«Қазақмыс» пен Индонезия Елшілігі металлургия саласындағы әріптестік мәселелерін талқылады

Астанада «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Металлургия жөніндегі бас операциялық директоры, «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабелов пен Қазақстандағы Индонезия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман арасында кездесу өтті, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында тараптар тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Әңгіме минералдық шикізатты терең өңдеу, өндірісте заманауи технологияларды пайдалану және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталған.

Қазақстан тарапы Индонезияның минералдық ресурстарды ел ішінде терең өңдеуді көздейтін Downstream Indonesia (Hilirisasi) мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты. Бұл бағыттағы Индонезия тәжірибесі «Қазақмыс» үшін өндірісті шикізаттық модельден терең өңдеуге көшірудің тиімді тәсілдерін зерделеуге мүмкіндік береді.

Тараптар сондай-ақ халықаралық инжинирингтік компаниялармен ынтымақтастық орнату, жаңа металлургиялық технологияларды өндірісте қолдану және қажетті білікті мамандарды даярлау мәселелерін талқылады.

Кездесу соңында тараптар кәсіби байланысты одан әрі нығайтып, салалық тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екенін білдірді. Заманауи технологиялық шешімдер мен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесін бірлесіп зерделеу мыс балқыту өнеркәсібін дамытуға және Қазақстан мен Индонезия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге ықпал ететіні атап өтілді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp