«Қазақмыс» корпорациясы Қытайдың тау-кен металлургия саласындағы ірі инженерлік компанияларының бірі - ENFI-мен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Қазақмыс» басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі бастаған қазақстандық делегация Бейжіңде ENFI басшылығымен кездесті.
Қытай тарапынан келіссөздерге компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Лю Чэн қатысты.
Кездесуде тау-кен металлургия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қаралды. Тараптар өндіріс тиімділігін арттыру, инженерлік шешімдер, цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне назар аударды.
Сонымен қатар қоршаған ортаға әсерді азайтатын технологияларды пайдалану және өндірістегі заманауи экологиялық шешімдерді енгізу перспективалары сөз болды.
ENFI 1953 жылы құрылған және China Minmetals Corporation құрамына кіреді. Компания тау-кен және металлургия саласында инженерлік жобалау мен жобаларды іске асыруға маманданған.
Компанияның мәліметінше, ENFI соңғы 70 жылдан астам уақытта әлемнің 60-тан астам елі мен өңірінде 12 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған. Оның жобалары арасында мыс, мырыш, қорғасын және никель өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ сирек жер металдары мен өндірістік қалдықтарды өңдеу нысандары бар.