Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» шахтадағы жаңа желдету жүйесін таныстырды

tursynhan · · 85 қаралым
«Қазақмыс» шахтадағы жаңа желдету жүйесін таныстырды

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның «Итауыз» шахтасында заманауи желдету жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық порталы.

Жаңа жобаны жүзеге асыру аясында тереңдігі 180 метр болатын желдеткіш оқпаны салынды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында толық аяқталды.

Кейін мамыр айында шахта аумағында Германияда шығарылған Korfmann AL 17-2500 маркалы екі осьтік желдеткіш орнатылды. Жүйенің қуаты секундына 150 текше метр ауа өткізуге жетеді. Бұл жерасты кен орындарында тұрақты ауа алмасуды қамтамасыз етіп, жұмысшылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын қалыптастырады.

Аталған бастама компанияның жерасты өндірістеріндегі желдету инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кешенді бағдарламасының құрамдас бөлігі саналады. Бұған дейін осындай жүйе «Жомарт» кенішінде де енгізілген болатын. Ондағы жабдық 600 метрден астам тереңдіктегі қазбаларды тиімді желдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Жомарт» кенішінде қосымша желдеткіш оқпанын салу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аяқталған соң желдету жүйесінің қуаты артып, өндірістік қауіпсіздік пен жұмыс тиімділігі одан әрі жақсарады.

Желдету жүйелерін дамыту — «Қазақмыс» компаниясында жарияланған 2026 жылғы Қауіпсіздік жылы шеңберіндегі басым бағыттардың бірі. Мұндай жобалар өндірістік тәуекелдерді төмендетуге, кеншілердің еңбек жағдайын жақсартуға және жерасты нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp