Қарағайлы кентінде «Жасыл ойындар» экологиялық акциясы аясында 400 түп ағаш пен бұта көшеті отырғызылды. Бастама Қарағайлы байыту фабрикасы жұмыскерлерінің ұсынысымен қолға алынып, «Қазақмыс» компаниясы тарапынан қолдау тапты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының аясында аумақтарды абаттандыру және көгалдандыруға бағытталған.

Қазақмыс
Еңбек ұжымының ұсынысы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәліге жеткізілген. Осыдан кейін компания фабрика мен кент аумағына отырғызу үшін 400 түп көшет сатып алып, көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастырды.
Оның 300 түбі Қарағайлы кентінің аумағына, тағы 100 түбі байыту фабрикасының аумағына отырғызылды. Жұмысқа фабрика қызметкерлері, әкімдік өкілдері, жергілікті тұрғындар мен мердігер ұйым мамандары қатысты.
Кенттегі көшеттер Мәдениет үйінің маңына, Қарағайлының кіреберісіне, 18-орамға және мешіт маңына отырғызылды. Мұнда үйеңкі, қайың, бөртегүл, көктерек, мойыл, шетен және бөріқарақат көшеттері пайдаланылды.
Сонымен қатар көшеттерді қорғау үшін қоршау орнатылып, суару жүйесіне арналған құбыр тарту жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта жасыл желекті күтіп-баптау үшін отырғызылған көшеттерді жергілікті әкімдіктің балансына беру жоспарланып отыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қарағайлыда шамамен 40 жылға жуық уақыт бойы жаңа ағаш отырғызылмаған. Сондықтан жоба кент аумағында жаңа жасыл аймақ қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.
«Қазақмыс» компаниясы жұмыс істейтін өзге өңірлерде де көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Ұлытау облысында қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған өтемдік шаралар аясында 5 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Көшеттер Жезқазған – Сәтбаев автожолының бойына және Батыс тұрғын ауданындағы қорғаныш орман белдеуі аумағына отырғызылады.