Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» мыс балқыту зауыттарын экологиялық жаңғыртуға 829,6 млрд теңге инвестиция салады

Бақытжан Мұса · · 244 қаралым
«Қазақмыс» мыс балқыту зауыттарын экологиялық жаңғыртуға 829,6 млрд теңге инвестиция салады

«Қазақмыс» тобы Балқаш және Жезқазған мыс балқыту зауыттарын кешенді экологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бағдарлама 2025 жылдың желтоқсанында алынған Кешенді экологиялық рұқсат аясында жүзеге асырылып, өндіріс орындарын 2034 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартуды көздейді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жобаға жалпы көлемі 829,6 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Оның ішінде 511,6 млрд теңге Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртуға, ал 318 млрд теңге Балқаш мыс балқыту зауытының экологиялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

Компанияның мәліметінше, жаңғырту аяқталғаннан кейін күкірт диоксиді шығарындылары жылына 70 мың тоннадан астамға азаяды. Сонымен қатар зиянды заттардың жалпы шығарындылары 70 пайызға дейін қысқарып, бейорганикалық шаң көлемі 99,6 пайызға төмендейді. Бұл өндірістің көміртек ізін де айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның негізгі жобаларының бірі – Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехын салу. Құны шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайтын жоба аясында Single Contact Single Absorption технологиясы енгізіледі. Бұл күкірт диоксиді шығарындыларын екі еседен астам қысқартып, кәсіпорынның экологиялық талаптарға сәйкестігін арттыруға мүмкіндік береді.

Экологиялық жаңғырту аясында газдарды тазарту жүйесін жетілдіру, өндірісті табиғи газға көшіру, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану шаралары да қарастырылған. Барлық бағыттар озық қолжетімді технологияларды енгізуге, ESG қағидаттарын сақтауға және өндірісті цифрлық бақылау жүйесін дамытуға негізделген.

Компания өндірістің көміртек ізін азайту мақсатында бірқатар жобаларды іске асырды. Газдандыру бағдарламасы аясында Жезқазған мыс балқыту зауыты, «Казкат» зауыты және Жезқазған байыту фабрикаларындағы сүзгілеу-кептіру бөлімшелерін қоса алғанда, жалпы 20 өндірістік нысан табиғи газға көшірілді. Бұл жобаның құны шамамен 4 млн АҚШ долларын құрады және парниктік газдар шығарындыларын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ компания энергияны үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларын жетілдіруді жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта «Қазақмыс» тобында 2035 жылға дейінгі экологияны дамыту және көміртексіздендіру бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Компания экологиялық жаңғыртуды өндірістік нысандарды ұзақ мерзімді дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Осы мақсатта өндірістік активтер кезең-кезеңімен жаңартылып, заманауи технологиялар енгізілуде. Бұл шаралар қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, өндірістің тиімділігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp