«Қазақмыс» корпорациясы өзінің өндірістік қызметін жүргізіп отырған өңірлерде денсаулық сақтау саласын қолдауды жалғастырып келеді. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасында кардиохирургиялық көмекті дамыту, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.
2026 жылғы 5–7 наурыз аралығында медициналық орталықта жүрек-қантамыр жүйесінің күрделі диагноздары бар пациенттерге жоспарлы кардиохирургиялық операциялар жасалды. Операциялар еліміздің жетекші мамандарынан құралған University Medical Center (UMC) командасының қатысуымен өткізілуде. Жоба Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
2026 жылы «Қазақмыс» корпорациясы кардиохирургиялық қызметті дамытуға және жоғары технологиялық операцияларды жүргізуге қосымша 447 млн теңге бөлді. Бұл қаржы медициналық орталықтың мүмкіндіктерін кеңейтіп, күрделі операцияларды пациенттерді республикалық клиникаларға жібермей-ақ өңірде жасауға жағдай жасады.
Қазіргі уақытта медициналық орталықта 16 аортокоронарлық шунттау (АКШ) операциясы сәтті жүргізілді. Бұл Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесі үшін жүрек-қантамыр аурулары бар науқастарды емдеуде жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды кезең болып отыр.
Сонымен қатар, бұл операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүзеге асырылуда. Нәтижесінде өңір тұрғындары жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін алу мүмкіндігіне ие.
Кардиохирургиялық қызметтің дамуы өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді азайтуға, пациенттердің басқа өңірлерге бару қажеттілігін төмендетуге және Ұлытау облысы тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, кардиохирургиялық қызметтің дамуы өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметкерлерінің денсаулығын қорғауда да маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттың дамуы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы медициналық қызметтерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етіп, Жезқазған медициналық орталығының облыстық кардиологиялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға жол ашады.
«Қазақмыс» корпорациясы үшін денсаулық сақтау саласын қолдау – компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бөлігі. Медициналық инфрақұрылымға бағытталған инвестициялар өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, жалпы Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесінің дамуына оң әсер етеді.